Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2017

Қостанайда  «Kostanay Invest–2017» инвестициялық форумы өтіп жатыр

234 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Форум жұмысына Ресейден, Польшадан, Өзбекстаннан және Қазақстанның өзге облыстарынан жиналған инвесторлар және ҚР Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпустар өкілдері, отандық және шетелдік сарапшылар қатысуда.

Қостанайда  «Kostanay Invest–2017» инвестициялық форумы өтіп жатыр

Олар алғашқы күні Қостанай мен Рудный қалаларындағы ірі кәсіпорындарына ұйымдастырылған турға қатысып, әйгілі Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінде, «Жас қанат-2006» құс фабрикасында,  «Баян сұлу» кондитер фабрикасында, «СарыарқаАвтоПром» машина жасау зауытында, Қостанай картинг орталығында, «Нұрлы жер» бағдаламасы бойынша салынып жатқан шағын тұрғын ауданда болды. Форумда сырттан келген бизнес өкілдеріне Қостанай облысының инвестициялық  қуатын көрсету мақсат етіп қойылды.

«Біз іргелес ел болсақ та Қостанай облысының өндірісін көзбен көрмеген едік. Форум енді облыс өнеркәсібімен жете  танысуға мүмкіндік берді. Екі жақ  ең алдымен тәжірибе алмасады, бірлесіп жұмыс істеуді бастайды. Біздің қостанайлықтарға өз саламыздан, яғни энергетика саласынан ұсыныстарымыз болады», деді Екатеринбургтен келген кәсіпкер Руслан Старинский.

«Kostanay Invest–2017» форумында экономиканың ауыл шаруашылығы, кенметаллургиялық, машина жасау және туристік төрт саласынан Қостанай облысының  инвесторлық мүмкіндігі   қаралады.

«Ауыл шаруашылығы – форумның өзекті тақырыбына айналады. Қостанай облысы – астықты өңір. «Kostanay-Invest 2017» форумы алыс-жақын елдерден келген кәсіпкерлермен облыстың инвестиция тарту мүмкіндігі туралы талқылайтын боламыз. Жыл басынан бергі 8 айда экномиканы дамытуға тартқан инвестиция көлемі алдыңғы жылдан 11 миллиард теңгеге көп. Бұл облыстың  инвестициялық қуатын көрсетеді» деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.

Сонымен қатар, форумның алғашқы күні ресейлік Arman Holding компаниясының негізін салушы қандасымыз Серікбай Бисекеев «Өзіңді өзің жаса» тақырыбымен ашық шеберлік  сабағын өткізді.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ